
Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен әкімдік, полиция департаменті және білім беру саласының 1000-нан астам өкілі мен мектеп психологтарының қатысуында «Жас ұрпақ – ел болашағы» атты форум өтті.
Форумға облыс прокуроры М.Тлеубердиев, облыс әкімі Н.Көшеров, полиция департаментінің бастығы А.Заппаров сондай-ақ, арнайы шақыртылған қонақтар Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Закиева, Оқу-ағарту вице-министрі А.Ахметжанов спикерлер ретінде қатысты.
Аталған іс-шара жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау, суицидтің алдын алу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында тәжірибе мен тиімді тәсілдер алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.
Облыс прокуроры М.Тлеубердиев өз сөзінде «Балалар – қоғамның ең үлкен байлығы. Құқық қорғау органдарының мақсаты – әрбір өреннің қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне кепілдік беру.Қоғамда қатігездік емес, мейірім мен өзара қолдау үстемдік құруы тиіс» екенін атап өтті.
Форум - мектеп психологтарының кәсіби көзқарасын жаңғыртуға, олардың құқықтық сауаттылығын, қызметтік әдеп пен кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар іс-шара болып табылады.
Іс-шара аясында облыстың үздік 10 мектеп психологы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.
Түркістан облысының прокуратурасы