Төлеби ауданында балалар қауіпсіздігіне арналған форум өтті

Төлеби ауданында балалар қауіпсіздігіне арналған форум өтті

Төлеби ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында «Қауіпсіз орта – бақытты бала» тақырыбында форум өткізілді.

Аудан прокуроры Дабыл Аянұлы форумды ашу барысында қоғамда дін, спорт және білім салаларын дамыту, салауатты өмір салты мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің және буллингтің алдын алудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға елге танымал дінтанушы-теолог Нұрлан қажы Асанов, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Сәкен Бибосынов, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов, мемлекеттік және қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев, ұлттық қауіпсіздік саласының генерал-майоры Ақжігіт Исабеков, сондай-ақ Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Меруерт Медетбекова қатысты.

Форум барысында спикерлер өз өмір жолдарынан мысал келтіріп, әдептілік, адамгершілік және заңға құрметпен қараудың маңызы жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Форумға аудан көлеміндегі азаматтар мен депутаттар, 300-ден астам мектеп оқушысы мен мұғалімдер қатысып, ауданда орналасқан барлық мектептердің оқушылары интернет желісі арқылы қосылды.

Сонымен қатар форум аясында қоғамда жастардың құқықтық санасын арттыру және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Түркістан облысының прокуратурасы