Түркістан облысының прокуратурасында алқа мәжілісі өтті

Түркістан облысының прокуратурасында алқа мәжілісі өтті

Түркістан облысы прокуратурасында алименттерді өндіру бойынша сот актілерінің орындалу заңдылығына қатысты алқа мәжілісі өтті.

Онда жергілікті атқару, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшылығы қатысты.

Мәжілісте кәмелетке толмаған азаматтарға тиісті алименттерді өндіру туралы атқару құжаттарын орындауда кездестірілетін өзекті мәселелер талқыланды.

Сонымен бірге облыс прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері тыңдалды.

Прокуратура жоғарыда аталған санаттағы атқару құжаттарын талдау барысында сот орындаушылар жол берген бірқатар заң бұзушылықтары анықтады.        Атап айтқанда:

-  1,5 млрд теңге берешегі бар 1 167 борышкердің Республика аумағынан шығуына шектеу қойылмау дерегі;

-   18 млн теңге қарыз берешегі бар 21 борышкердің Республика аумағынан шығу дерегі;

-   170 млн теңге қарызы бар 120 борышкердің мүлкінен өндірмеу деректері;

-    2 635 борышкердің автокөлік басқару құқығын уақытша тоқтату шараларын қолданбау дерегі;

 -   166 млн теңге қарызы бар 21 борышкердің құмар ойындарға салым салу дерегі.

Сонымен қатар облыс прокуратурасының бастамасымен борышкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қолға алынып, сот орындаушылар «FSM Social» бағдарламасына қосылды.

Ендігі жерде сот орындаушыларына борышкерлерді жұмысқа орналастыру, ондай отбасыларға әлеуметтік және рухани көмек көрсету электрондық әдіспен жүргізілетін болады.

Мәжіліс қорытындысымен жергілікті атқару, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарына бірқатар тапсырмалар берілді.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуы облыс прокуратурасының қатаң бақылауында.

Түркістан облысының прокуратурасы