
Түркістан облысының прокуратурасымен 177 инвестициялық жобаны (Ұлттық пул – 112, Өңірлік пул – 64) сүйемелдеу бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.
Аталған жобаларға 2,3 трлн теңге көлемінде инвестиция салынып, 26 мың жұмыс орны құрылу жоспарлануда.
Жүргізілген талдау нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері тұтынатын электр энергиясының құнын негізсіз көтеру фактілері анықталды.
Мәселен, сүт өнімдерін өндіретін «BNK AGRO» ЖШС (жобалық құны – 4 млрд теңге, өндірістік қуаттылығы – 1800 бас ірі қара мал) электр энергиясын жалпы тариф бойынша – 1 кВт/сағ үшін 39,96 теңгеден сатып алып келген.
Ал Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен 19-әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітілген (олардың қатарына тауық еті, пастерленген сүт өнімдері және т.б. кіреді) және бұл тауар өндірушілер үшін сараланған (жеңілдетілген) тариф қолданылуы көзделген.
Осыған ұқсас құқық бұзушылықтар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіретін «Азим ата», «Сүлеймен ата», «Яссы құс» шаруа қожалықтарында, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Р.Мамараимов және М.Муслимбеков қызметінде де анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісінің қаралу қорытындысы бойынша, жоғарыда көрсетілген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты монополист «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 1 кВт/сағ үшін 34,31 теңге мөлшеріндегі жеңілдетілген тариф қолданылды.
Осылайша, инвестордың және жеке кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Түркістан облысының прокуратурасы