
Түркістан облысының прокуратурасында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) жағдайы мен себептерін талқылау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен кезекті кеңес өтті.
Бұған дейін бұл мәселе облыс әкімдігі алаңында қаралып, жолдардағы жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленген болатын.
Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде өңірде жол-көлік оқиғаларының айтарлықтай өсуі байқалмайды.
Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша облыс аумағында жолдардағы 160-қа жуық осал нүкте, яғни «апатты учаскелер» анықталды.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев барлық «апатты учаскелерді» аралап, жол-көлік оқиғаларының себептері мен жағдайларын талдау мақсатында арнайы жұмыс тобын құру жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар, облыс прокуроры бір жыл ішінде 5-тен 90-ға дейін қайталама әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 2437 автокөлік жүргізушілеріне қатысты профилактикалық түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды қала және аудан прокурорларына міндеттеді.
Полиция органдарына апаттылық қаупі жоғары жерлерде патрульдік қызметті күшейту туралы нұсқау берілді.
Сонымен қатар, ЖКО-ның алдын алу мақсатында жасанды интеллект (AI) мүмкіндіктерін енгізу және пайдалану мәселесі қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс прокуроры уәкілетті органдардың жолдардың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарын қатаң бақылауға алуды және жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тұрақты түрде есеп беруді тапсырды.
Түркістан облысының прокуратурасы