Прокуратура жаза өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарын үйлестіруде

Прокуратура жаза өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарын үйлестіруде

Түркістан облысы прокуратурасында  жергілікті және құзыретті органдардың қатысуымен пробация саласында туындаған мәселелер бойынша кеңейтілген мекемеаралық жиналыс өтті.

Бұған дейін пробация саласындағы проблемаларды шешіп, оның қызметін бір жүйеге келтіріп, алға жүргізу мақсатында бірнеше бағыттар ұсынылып, соның ішінде «Жол картасы» қабылданып, әрбір құзыретті органның міндеттері белгіленді.

 Сондай-ақ, Пробация есебіндегілердің отбасын қолдауға бағытталған  Меморандум қабылданды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Келес аудандық әкімшілігі пробация қызметіне бір қызметтік жеңіл автокөлік бөлді.

30 жаза өтеушіге өз кәсіптерін бастауға 1,6 млн теңгеден қайтарымсыз гранттар, 55-не «Бастау бизнес» сертификаты берілді.

Облыста 17 «Отбасын қолдау орталықтары» ашылып, 502 электрондық браслет сатып алуға қаржы бөлінді.

Аса ауыр жағдайларға тап болып, шұғыл түрде көмек көрсетуді, тұрғын үймен қамтамасыз етуді қажет ететін 28 отбасы анықталып, соның біреуіне тұрғын үй берілді.

Ал, қалғандарына тұрғын үймен қамтамасыз етілгенге дейін жалдамалы тұрғын үй төлемінің 50 пайызы мемлекет есебінен төленетін болды.

Жаза өтеушілердің балаларына жазғы маусымдық лагерьге 57 жолдама берілді.

Прокуратура жаза өтеушілерді қоғамға бейімдеу олардың әлеуметтік ортаға қалыпты түрде қосылуына ықпал етіп, қайталама қылмыстың алдын алудың тиімді жолы деп санайды.

Түркістан облысының прокуратурасы