Петропавл қаласында прокурорлар Сапар Дүйсеновке арналған мемориалдық тақтаны ашты.

Петропавл қаласында прокурорлар Сапар Дүйсеновке арналған мемориалдық тақтаны ашты.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасы бойынша 2025 жылғы 2 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында облыс орталығында маңызды тарихи іс-шара-Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрметті қызметкері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Сапар Дүйсеновке арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Мемориалдық тақта Петропавл қаласы, Егемен Қазақстан көшесі, 28 мекенжайындағы ғимараттың қасбетіне орнатылды. Бұл мекенжай кездейсоқ таңдалған жоқ-ол Сапар Дүйсенұлының кәсіби қызметі мен өмір жолымен тығыз байланысты. Ардагер құқықтық жүйенің дамуына өңірлік және ұлттық деңгейде елеулі үлес қосты.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқандар:

  • Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов
  • Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Қайрат Әбдіханов
  • Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Владимир Бубенко
  • Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тажин
  • Ардагердің ұлы — Серік Дүйсенов
  • Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ардагерлер кеңесінің төрайымы Қайша Ахметова
  • Облыстық және қалалық прокуратура басшылары мен қызметкерлері, прокуратура ардагерлері, қоғам өкілдері

Ашылу рәсімі саптық шеру мен ҚР Мемлекеттік Гимнін орындаумен, сондай-ақ Әскери институт оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Мемориалдық тақта жанында құрметті қарауыл қойылды.

Ресми тұлғалар өз сөздерінде Сапар Дүйсенұлының өмір жолы мен еңбегі туралы ризашылықпен еске алып, оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі, прокуратура органдарындағы адал қызметі және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі ерекше аталды.

Мемориалдық тақтаны ашу құрметі оның ұлы-Серік Дүйсеновке және прокуратура ардагерлері кеңесінің төрайымы-Қайша Ахметоваға берілді. Ашылу сәтінде «Сарыарқа» күйі орындалып, ардагердің рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етілді.

Іс-шара ардагерге арналған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды. Облыс әкімінің және облыс прокурорының атынан прокуратура өкілдері арнайы венок қойды.

Облыс прокуроры өз сөзінде аға буын өкілдерінің ерлігі мен қызметіне құрмет көрсетудің, тарихи есте сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сапар Дүйсенұлы Дүйсеновтің есімі — ар-намыс пен батырлықтың, Отанға адал қызмет етудің символы ретінде өңір тарихында мәңгілікке жазылады.


#ЗАҢменТӘРТІП