
Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бей-жай қарамайтын тұрғындардың өтініштері бойынша өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді.
Қарау қорытындысы бойынша, құрылыс компаниясының облыс орталығының жасыл желектерін зақымдау, сондай-ақ уәкілетті орган тарапынан бір жылдан астам уақыт бойы тиісінше күзетпеу және қорғамау фактілері расталды.
Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жасыл желектерге келтірілген залал-1 086 750 теңгені құрады.
Елеулі залалға қарамастан, полиция органдары әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы шешім қабылдаған.
Прокуратура мен соттың араласуынан кейін ғана материал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, одан кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы 1-бөлігі бойынша (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданды.
Тергеу нәтижелері бойынша медиативтік келісім жасалды, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді, құрылыс компаниясы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес ағаштарды өтемдік отырғызуды қамтамасыз етеді.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, Петропавл қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.
Бір мезгілде қадағалау органы жеке және заңды тұлғаларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 381-1-бабы бойынша ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе бүлдіргені үшін белгіленген әкімшілік жауаптылық туралы еске салады, онда 184 600-ден 1 846 000 теңгеге дейін әкімшілік айыппұл түрінде жаза көзделген.
Елеулі залал (100 АЕК-тен астам) кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сонымен қатар, заң шығарушы өсімдік түріне байланысты 50-ден 100 есеге дейін зақымдалған жасыл желектердің орнына өтемақы отырғызуды қарастырады.
Құрметті азаматтар! Сіздерді өсімдіктер әлемі туралы қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтауға шақырамыз.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы