Облыстың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі -ЖАО) азаматтардың жолданымдарын қарау кезінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі - Кодекс) талаптарын сақтамайтындықтары анықталды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экономика, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы, мәдениет, құрылыс департаментінің қызметкерлері Петропавл қаласы мен Айыртау, Ақжар, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Тайынша аудандарының Кодекстің 73-бабының талаптарына қайшы, азаматтардың 58 жолданымы бойынша белгіленген алдын ала тыңдау рәсімін өткізбеген.
Нәтижесінде, өтініш берушілер мемлекеттік органдардың алдын ала шешімдерінің жобаларына жазбаша қарсылық білдіруге заңды құқықтарын пайдалана алмаған.
Сонымен бірге, облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, құрылыс, кәсіпкерлік, жолаушылар көлігі басқармаларының және Қызылжар, Тимирязев, Уәлихан аудандары әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері Кодекстің талаптарын бұза отырып, жеке тұлғалардың жолданымдарына 29 сапасыз жауап берді.
Кодекстің 89-бабының талаптарына қайшы, облыс әкімдігінің ішкі саясат, жолаушылар көлігі басқармаларының, мемлекеттік еңбек инспекциясының лауазымды адамдары 4 азаматтың жолданымдарына қай тілде түссе, сол тілде жауап бермеген.
Кодекстің талаптарын бұза отырып, «E-Otinish» ақпараттық жүйесінде ЖАО-дың жауапты тұлғалары өтініш берушілердің пайдасына 22 қолайлы актіні қабылдау туралы мәліметтерді негізсіз көрсетті, ал іс жүзінде оларға бас тарту сипатындағы жауаптар берілген.
Қадағалау органының актісіне сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдарының 22 лауазымды адамы (оның ішінде облыс әкімдігінің денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары) тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жағдайды жақсарту және алдағы уақытта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлерімен Кодекс нормаларын қолдану бойынша семинар-кеңес өткізді.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы Кодекстің талаптарын сақтау мәселесі қадағалау органының бақылауында.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы