«Құқықтық дәріхана» – құқықтық көмек әрдайым жаныңызда!

«Құқықтық дәріхана» – құқықтық көмек әрдайым жаныңызда!

Құқықтық сұрағыңыз туындады ма? Оның шешімін кейінге қалдырмаңыз!

Көп жағдайда уақытылы берілген заңгерлік кеңес күрделі мәселелердің алдын алуға және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта біздің облыста «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бүгін, 2026 жылғы 28 шілдеде, кезекті акция Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың барлық аудан орталықтарында (СОО, ХҚКО, мәдениет үйлері, аудандық ауруханалар және басқа да қоғамдық орындарда) ұйымдастырылды.

Акция барысында прокуратура қызметкерлері азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, оларды шешудің заңды жолдарын ұсынды.

Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккеннен кейін көмекке жүгінді. Оған құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі, дәлелдемелерді сақтау жолдары және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу шаралары жан-жақты түсіндірілді.

Тағы бір жағдайда Қызылжар ауданының тұрғыны көршісімен жер учаскесінің шекарасына қатысты туындаған дауды шешу тәртібі бойынша кеңес алды. Оған дауды реттеу алгоритмі, жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі және уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі түсіндірілді.

Сондай-ақ Аққайың ауданының тұрғыны мерзімі өткен несие берешегіне байланысты қарыз алушының құқықтары жөнінде сұрақ қойды. Мамандар банкпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, несиені қайта құрылымдау мүмкіндіктерін және өз құқықтарын қорғаудың заңды тетіктерін түсіндірді.

Акция барысында барлығы 138 азамат қабылданып, оларға құқықтық көмек көрсетілді. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында 2 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсетті.

«Құқықтық дәріхана» акциясы өз жұмысын жалғастыруда. Акция әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың барлық аудан орталықтарында (сауда-ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда) өткізіледі.

                                     Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.