СҚО-да прокуратура 47,5 млрд теңгелік инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі болған дауды шешуге көмектесті

СҚО-да прокуратура 47,5 млрд теңгелік инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі болған дауды шешуге көмектесті

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының прокуратурасы құны 47,5 млрд теңгені құрайтын «Баян» вольфрам кен орнын игеру жөніндегі якорлық инвестициялық жобаның іске асырылуына әсер етуі мүмкін дауды шешуге ықпал етті.

Жобаны «Ресурс-2018» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жобаны сүйемелдеу барысында прокуратура «Ресурс-2018» ЖШС мен «Саумалкөл Агро» ЖШС арасында инвестордың мердігер ұйымы жүргізген геологиялық барлау жұмыстары кезінде дәнді дақылдардың егістігіне зақым келтірілуіне байланысты туындаған дауды анықтады. Келтірілген залалдың мөлшері 640 мың теңгені құрады.

Прокуратураның бастамасымен екі тараптың қатысуымен жұмыс кездесуі ұйымдастырылып, нәтижесінде өзара тиімді келісімге қол жеткізілді. Инвестор келтірілген залалды толық көлемде ерікті түрде өтеді, ал жер пайдаланушы инвесторға қатысты ешқандай талабы жоқ екенін растап, оның ішінде қосымша келісілген екі жер учаскесінде де геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруға келісім берді.

Прокуратураның араласуының нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен шешіліп, құны 47,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға кедергі болған мәселелер жойылды.

Прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастырып, инвесторлардың құқықтарын қорғауды және инвестициялық үдерістің барлық қатысушының заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілерді жедел жою жұмыстарын жүргізеді.

                                       Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы.