
2026 жылғы 4 шілдеде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру аясында облыс прокуратурасы облыс әкімдігімен, Экология департаментімен, жастар ұйымдарымен және волонтерлермен бірлесіп «TazaQazBot» Telegram-боты цифрлық сервисін кеңінен насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және практикалық іс-шаралар кешенін өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыру және өңір тұрғындарын заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып абаттандыру мәселелерін шешуге тарту.
Акция аясында қоғамдық көліктерде, саябақтарда, гүлзарларда, жаппай демалыс орындарында, аялдама кешендерінде және басқа да қоғамдық кеңістіктерде «TazaQazBot» Telegram-ботына жедел қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналастырылды.
Сонымен қатар, акцияға қатысушылар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Telegram-бот арқылы өтініш беру тәртібін көрсетті және оны пайдалану жөніндегі қадамдық нұсқаулық қамтылған ақпараттық жадынамалар таратты.
Аталған сервис арқылы тұрғындар рұқсатсыз қоқыс үйінділері, аумақтардың ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмауы, көшелерді жарықтандыру жүйесінің ақаулары, жол жабындысының бүлінуі, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың ден қоюын талап ететін абаттандыру және экология саласындағы өзге де бұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады.
Осындай бастамаларды іске асыру халық пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға, құқық бұзушылықтарды анықтау мен жоюдың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Қадағалау органы өңірдің барлық тұрғындарын «TazaQazBot» цифрлық сервисін белсенді пайдалануға және бірлескен күш-жігермен елді мекендердің тазалығын, тәртібін және экологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуға шақырады.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.