
Азаматтық қоғам институттарымен ашықтық, заңдылық және сындарлы өзара іс-қимыл қағидаттарын іске асыру аясында облыс прокурорының Қоғамдық кеңес мүшелерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті әрі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылап, оларды шешудің бірлескен тетіктерін айқындау.
Ашық диалог барысында қатысушылар заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының сақталуы, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелер, автомобиль жолдарының сапасы, сондай-ақ тұрғындарды алаңдататын өзге де өзекті мәселелерді талқылады.
Облыс прокуроры прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарын айқындауда жұртшылық өкілдерінің пікірі ерекше маңызды екенін атап өтті.
Мұндай ашық диалог прокурорлық ден қою шараларын талап ететін проблемаларды уақтылы анықтауға және азаматтардың құқықтарын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, профилактикалық жұмысты күшейту және әлеуметтік маңызы бар салаларда қоғамдық бақылауды дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта жүйелі ынтымақтастықты жалғастыруға, тұрақты ақпарат алмасуға, азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қоюға, заңдылықты нығайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Облыс прокуратурасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды тетігі ретінде халықпен ашық диалогты одан әрі дамытып, азаматтық қоғам институттарымен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыра береді.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.