
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы өңірдің білім беру ұйымдарындағы жас мамандарға арналған Жас педагогтер форумына қатысты.
Іс-шара барысында облыс прокурорының білім беру заңнамасының және кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың сақталуын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі «Педагогтердің құқықтарын қорғау және білім беру ұйымдарында буллинг фактілерінің алдын алу» тақырыбында дәріс-тренинг өткізді.
Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген педагогтердің құқықтық мәртебесінің негізгі кепілдіктері, олардың кәсіби қызметін қорғау шаралары, сондай-ақ білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары бұзылған жағдайда әрекет ету тетіктері түсіндірілді.
Сонымен қатар білім беру ортасындағы буллинг пен өзге де қолайсыз мінез-құлық көріністерінің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жас педагогтерге оқушылар арасындағы буллинг белгілерін ерте анықтау, мұндай жағдайларға ден қою алгоритмдері, ата-аналармен, психологтармен және уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу жас мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға, заңдылық, өзара құрмет және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы