
Облыс прокуратурасы «Taзa Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру шеңберінде табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыс жүргізуде.
Мәселен, аумақтық су инспекциясы қадағалау органын үйлестіре отырып, жергілікті кәсіпкермен Есіл өзеніне құятын бұлақ ағып жатқан сайда қалдықтарды жинайтындығын анықтады.
Су және экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін осы субъект жалпы сомасы 2,6 миллион теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушы заңсыз орналастырылған қалдықтарды шығару бойынша шаралар қабылдады.
Осы ауылдың аумағында экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін прокурордың қаулысы бойынша әкімдіктің лауазымды тұлғасы ӘҚБтК-нің 324-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен бірге, аталған құқық бұзушылықтың жолын кесу бойынша уақтылы шаралар қабылдамағаны үшін прокурор полиция органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік іс жүргізуге бастамашылық жасады.
Облыс прокуратурасы қоғамдық орындарға, соның ішінде саябақтарға, алаңдарға, жаппай демалыс орындарына, сондай-ақ Есіл өзенінің жағалауына ерекше назар аударады.
Соңғы екі күнде ғана абаттандыру ережелерін бұзғаны және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың назарынан ұзақ уақыт бойы тыс қалған 25 апаттық қоқыс төгетін орындар анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды, оларды тарату бойынша шаралар қабылданады.
Аталған бағытта жұмыс жалғасуда.
Құрметті өңір тұрғындары! Сіздерді экологиялық заңнаманың талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға және «Taзa Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде өткізілетін іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.
Бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз қолайлы экологиялық жағдайды қамтамасыз етеміз және болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтай аламыз.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.