
2026 жылғы 9 маусымда облыс прокуратурасының қызметкерлері кезекті апталық «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді.
Акцияның басты мақсаты-халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңдарды қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру, сондай-ақ тұрғындарға құқықтық көмек көрсету.
Жеке консультациялар форматында азаматтар прокурорлардан өздерін толғандырған маңызды сұрақтарға жауап алды, ал жекелеген мәселелер кейіннен шешілуі үшін бақылауға алынды.
Жыл басынан бері өткізілген апталық акциялардың қорытындысы бойынша облыс прокуратурасының бақылауына тұрғындардың 20-дан астам мәселесі алынып, кейіннен олар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, 20-дан астам мәселе «орнында қарау» қағидаты бойынша, яғни акция барысында жедел түрде шешімін тапты.
Мәселен, акция аясында Ресей Федерациясының азаматы Қазақстан Республикасынан шығуға қойылған шектеу мәселесі бойынша шағымданған. Ол Петропавл қаласында бір апта қонақта болғаннан кейін Қазақстан Республикасынан шыға алмай қалған. Аталған азаматтың ІІ топтағы мүгедектігі болған және тұрғылықты жері бойынша тұрақты ем қабылдауды қажет еткен.
Негізгі мәселе азаматтың елден шығуға шектеуді қай уәкілетті немесе құқық қорғау органы қойғанын анықтай алмауында болды.
Облыс прокуратурасының қызметкерлері азаматқа сол жерде құқықтық көмек көрсетіп, шектеуді енгізген органды анықтады, қалыптасқан жағдайды шешу бойынша тиісті ұсынымдар берді және проблемалық мәселені шешуге жан-жақты қолдау көрсетті.
Келесі күні аталған шектеу алынып тасталды.
Тағы бір мысал ретінде, акция барысында Қызылжар ауданының тұрғыны қоныс аударушылар бағдарламасы бойынша тұрғын үй және жәрдемақы алу мәселесімен өтініш жасаған. Ол 2025 жылы отбасымен бірге Түркістан облысынан Қызылжар ауданына қоныс аударған.
Өтініш берушіге сол жерде құқықтық көмек көрсетіліп, мемлекеттік органдардың жұмысы үйлестірілді, сондай-ақ Қызылжар ауданы прокуратурасының қызметкерлері тарапынан сүйемелдеу қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде өтініш беруші қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың бірі аясында тұрғын үй алды, ал оның жұбайы жұмысқа орналастырылды.
Қазіргі уақытта облыс прокуратурасының бақылауында Петропавл қаласы тұрғындарының 4 мәселесі бар.
Жалпы, жыл басынан бері облыс прокуратурасы 21 акция өткізіп, олардың барысында 1 300-ден астам азамат қабылданды.
«Құқықтық дәріхана» акциясы өз жұмысын жалғастыруда. Акция әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде және облыстың аудан орталықтарында (сауда-ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және т.б.) өткізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.