«Халық заңгері» – заңдылық, ашықтық және қолжетімділік

«Халық заңгері» – заңдылық, ашықтық және қолжетімділік

«Заң мен тәртіп»  тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2026 жылғы 29 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары құқықтық көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кезекті «Халық заңгері» акциясын өткізді.

Аталған акцияға прокурорлармен бірлесіп облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдарының, полиция мен әділет органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке сот орындаушылары мен адвокаттар қатысты.

Акция форматы азаматтарға бір мезетте бірнеше бейінді мамандардан қажетті түсіндірмелер алуға мүмкіндік береді.

Екі сағатқа созылған акция барысында 535 адамға кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді.

Мәселен, Қызылжар ауданының тұрғыны қоныс аударушылар бағдарламасы аясында тұрғын үй мен жәрдемақы алу мәселесін көтерді. 2025 жылы ол отбасымен Түркістан облысынан Қызылжар ауданына қоныс аударған.

Жергілікті жерде тұрғын үй мәселесі бойынша түсіндірме беріліп, мәселе шешімін тапты.

Тағы бір жағдайда, Шал ақын ауданының зейнеткер тұрғыны прокурорларға жеке сот орындаушысының атқарушылық санкция төлеуді талап еткен әрекеттеріне қатысты шағымданды.

Тексеру барысында атқарушылық санкцияны өндіріп алу шараларының негізсіз екені анықталып, прокурор сол жерде аталған шешімнің күшін жою бойынша шаралар қабылдады.

Сондай-ақ, акция барысында Айыртау ауданының жалғыз тұратын зейнеткері аумақты тазалау және қоршау орнату туралы өтінішпен шағымданған. Бұл мәселе бірден әкімдіктің бақылауына алынып, «Ахмиров»  ЖК-нің қолдауымен аула аумағынан қоқыс шығару бойынша көмек ұйымдастырылды.

«Халық заңгері» акциясы Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарының мәдениет мекемелерінде және өзге де қоғамдық қолжетімді орындарда өткізілді.

Акцияны өткізу мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылын нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыруға, сондай-ақ қоғамда заңға бағынушылық қағидаттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

 

 

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы