
Прокуратура органдары мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылуына тұрақты негізде бақылау жүргізеді.
Мәселен, 2026 жылғы 2 сәуірде Тайынша ауданының прокуроры Медет Кафизов жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы ғимаратының бірінші қабатына күрделі жөндеу жүргізу және қабылдау бөлімін жаңадан қалпына келтіру барысын тексерді.
Аталған жоба прокуратура органдарымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен іске асырылуда, бұл оларды халықтың мүддесі үшін тиімді және нысаналы пайдалануға ықпал етеді.
Нысанға бару барысында мердігер ұйымға мерзімдерді қатаң сақтау, орындалатын жұмыстардың тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттілігі, сондай-ақ құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзуға жол бермеу туралы нұсқау берілді.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 65%-ы аяқталды.
Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланған.
Жоба медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, пациенттердің емделу жағдайын жақсартуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін заманауи әрі жайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен 4 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Бұл өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы.