СҚО прокуратурасы өндірістік жарақаттануды төмендету және тергеп-тексеру сапасын арттыру шараларын талқылады

СҚО прокуратурасы өндірістік жарақаттануды төмендету және тергеп-тексеру сапасын арттыру шараларын талқылады

Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарушы А.В. Трикачевтің төрағалығымен облыс прокуратурасы алқасының отырысы өтті. Онда 2025 жыл және 2026 жылдың өткен кезеңі бойынша еңбекті қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі, өндірістік жарақаттануға байланысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы, сондай-ақ уәкілетті органдардың өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу жөнінде қабылдап жатқан шараларының тиімділігі мәселесі қаралды.

Алқа отырысына Полиция департаментінің, Денсаулық сақтау басқармасының, мемлекеттік еңбек инспекциясының, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылары қатысты.

Отырыста қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екені атап өтілді, өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқығы кепілдендірілген.

Облыс прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері жария етіліп, соның негізінде уәкілетті органдар мен жұмыс берушілердің қызметінде жүйелі кемшіліктер бар екені анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің созбалаңға салынуы мен толық жүргізілмеуі, қылмыстық істердің негізсіз тоқтатылуы, кінәлі тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық бағаның уақтылы берілмеуі, арнайы тергеп-тексерулердегі кемшіліктер, сондай-ақ өндірістік жарақаттануға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралардың толық көлемде қабылданбауы фактілеріне назар аударылды.

Алқа қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға өндірістік жарақаттанудың әрбір фактісі бойынша ден қоюдың бірыңғай алгоритмін әзірлеу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды сапалы қамтамасыз ету, профилактикалық сипаттағы шараларды уақтылы қабылдау және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуын нақты жою тапсырылды.

                                       Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.