
Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Жүргізілген талдау барысында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) талаптарын өрескел бұзу фактілері анықталып, олар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға заңсыз араласу түрінде көрініс тапты.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті субъектілер арасында азаматтық-құқықтық қатынастардың бар екеніне қарамастан, Кодекс пен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына қайшы түрде жеке кәсіпкерге қатысты тексеру жүргізу туралы заңсыз шешім қабылдаған.
Прокурордың қаулысына сәйкес жол берілген бұзушылықтар үшін кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі — ӘҚБтК) 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл салынды.
Қадағалау органы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін ӘҚБтК-нің 173-бабына сәйкес 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделгенін еске салады.
Кәсіпкерлік субъектілеріне олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда прокуратура органдарына, оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топ арқылы тікелей жүгінуге құқылы екендігі түсіндіріледі. Байланыс телефоны: +7 (771) 362-08-99.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.