
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында 2026 жылғы 31 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және өңірдегі апаттылық деңгейін төмендетуге бағытталған «Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі» атты ауқымды профилактикалық акция өткізілді.
2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 593 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Олардың салдарынан 47 адам қаза тауып, 793-тен астамы жарақат алды.
ЖКО-ның 90%-ында негізгі себеп – жүргізушілердің кінәсі, оның ішінде 8 оқиға мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің қатысуымен болған.
2026 жылдың басынан бері облыс аумағында 21 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 6 адам қаза тапты, оның ішінде кәмелетке толмағандар бар, 28 адам түрлі жарақат алды.
Іс-шараны өткізудің бастамашысы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы болып, облыс әкімдігімен және облыстық полиция департаментімен өзара іс-қимылда, сондай-ақ еріктілерді, қоғамдық ұйым өкілдерін және бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып ұйымдастырылды.
Профилактикалық шаралар облыстың барлық аудандарында және Петропавл қаласында апат жиі орын алатын автожол учаскелерінде, бақылау-өткізу бекеттерінде, жаяу жүргіншілер өткелдерінде, қоғамдық көлік аялдамаларында, сауда үйлерінде, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда өткізілді.
Акция барысында прокуратура қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жол қозғалысына қатысушылармен жол қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, акция аясында ұсақ жол-көлік оқиғаларын «еурохаттама» арқылы (қосымша арқылы, полиция қызметкерлерін шақырмай) рәсімдеу тәртібін түсіндіруге ерекше көңіл бөлінді.
Іс-шара шеңберінде профилактикалық сипаттағы ақпараттық жадынамалар таратылып, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде акция кеңінен ақпараттық сүйемелденді.
Мұндай профилактикалық акцияларды өткізу прокуратура органдарының тұрақты бақылауында болып, заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың заңға бағынатын тұрақты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Облыс прокуратурасы кез келген жауапкершілік шаралары мен рәсімдер жолдағы мұқияттылықты, тәртіпті және өзара құрметті алмастыра алмайтынын атап өтеді.
Жол қозғалысының қауіпсіздігі әр адамнан басталады, ал қарапайым Ережелерді сақтау адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы