Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мен Полиция департаменті «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2025 жылдың 4 қазаныңда Петропавл қаласында және облыстың 13 ауданында кезекті кең ауқымды «Қауіпсіз жол» акциясын өткізді. Акция аясында «Жолдағы қабылдау» алаңдары ұйымдастырылды.
Бұл бастама жолдағы қауіпсіздікті арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол апаттарының санын азайтуға бағытталған.
Акцияның басты мақсаты – жүргізушілердің, жолаушылардың және жаяу жүргіншілердің назарын жол қозғалысы ережелерін сақтау маңыздылығына аудару.
Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушылар өздерін қызықтыратын сұрақтарға тікелей оқиға орнында жауап ала алады.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан 1 600-ден астам адам қаза тауып, 35 000-нан астамы жарақат алған.
Статистика көрсеткендей, жол қозғалысы қауіпсіздігі жағдайы әлі де өте ауыр болып отыр.
Жол апаттарының негізгі себептері – 86% жағдайда жүргізушілердің кінәсі, 14%-да жаяу жүргіншілер мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың кінәсі болып табылады.
БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының деректері бойынша, Қазақстан жол-көлік оқиғаларынан миллион тұрғынға шаққандағы өлім-жітім деңгейі бойынша Ресей мен АҚШ-тан кейін 3-орында тұр (2022 жылғы деректер бойынша).
Солтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылдың 9 айында 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 38 адам қаза тапқан, 550-ден астамы жарақат алған. Бұл деректер қосымша алдын алу шараларын қабылдау және халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын күшейту қажеттігін айғақтайды.
Акция шеңберінде облыс прокуратурасы полиция органдарымен бірлесіп, автокөлік иелері, жолаушылар мен жаяу жүргіншілер көп шоғырланатын жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тікелей әңгімелер өткізіліп, заңнаманың жекелеген нормалары мен оларды бұзғаны үшін жауапкершілік түсіндірілді, арнайы материалдар таратылды – «Жүргізушілерге арналған жадынама: 7 маңызды кеңес», «Жолаушылар мен жаяу жүргіншілерге арналған жадынама: 10 маңызды кеңес», онда жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері қамтылған.
Акция қорытындысы бойынша шамамен 50 000 жадынама таратылып, облыс тұрғындарымен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Облыс прокуратурасы барлық жол қозғалысына қатысушыларды барынша мұқият және жауапты болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады және есте сақтауды ескертеді: жолдағы қауіпсіздік – баршамыздың ортақ міндетіміз!
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының сайтына сілтеме:
https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-sko?lang=kk