Прокуратура органдары бюджеттік қаражатты пайдалану саласындағы заңдылықтың сақталуын тұрақты негізде қадағалап отырады.
Тайынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде (бұдан әрі – Бөлім) жүргізілген тексеру барысында аталған мекеме басшысының 15,9 млн теңге көлемінде бюджеттік қаражатты жымқырғаны анықталды.
Тергеу барысында лауазымды тұлғаның Тайынша қаласындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін модульдік құбыр өткізгішке арналған құрылғыны сатып алу мақсатында кәсіпкермен бір көзден мемлекеттік сатып алу шартына жалған түрде қол қойғаны белгілі болды. Бұл ретте кәсіпкер өзіне қатысты құқыққа қайшы әрекеттер туралы хабарсыз болған.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 2024 жылғы 6 шілдеде аудан прокуратурасымен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
2025 жылғы 30 маусымдағы Тайынша аудандық сотының үкімімен Бөлім басшысы жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық Банкте және оның құрылымдарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқаруға өмір бойы тыйым сала отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Облыс прокуратурасы бюджеттік қаражатты пайдалану саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастыруда.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының сайтына сілтеме:
https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-sko?lang=kk