«Прокурорлық сүзгі» - инвесторлардың құқықтарын қорғау құралы

«Прокурорлық сүзгі» - инвесторлардың құқықтарын қорғау құралы

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы «прокурорлық сүзгі» шеңберінде инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Оның негізгі міндеті – бақылаушы және құқық қорғау органдарының инвесторларға негізсіз қысымын болдырмау.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар инвесторларға қатысты шектеу шаралары бар 75 материалды қарады.

Нәтижесінде инвесторларды әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартудың 10 жағдайы мен тексерулерді заңсыз жүргізудің 2 фактісі тоқтатылды.  

Бұдан басқа, «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінің мониторингі барысында 5 инвесторға қатысты әкімшілік істерді қозғау туралы шешімдердің прокурормен келісілмеуіне байланысты 22 бұзушылық анықталды.  

Бұл бұзушылықтарға мемлекеттік кірістер және полиция органдарының лауазымды адамдары жол берді.

Прокуратураның наразылықтары бойынша заңсыз қаулылардың күші жойылды, әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды.

Жол берілген бұзушылықтар үшін Аққайың ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысын қоса алғанда, 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура органдары инвесторлардың заңды мүдделерін дәйекті түрде қорғайды және олардың қызметіне заңсыз араласу әрекеттерін тоқтатады.

Ескертеміз, егер Сіз инвестор болсаңыз және жобаны іске асыруда проблемалық мәселе болса, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ  арқылы прокуратура қызметкерімен тікелей байланыса аласыз (байланыс нөмірі +7-705-842-73-06).

#Заң_мен_Тәртіп