Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғаны баса назарға алынған болатын.
Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқанын, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастағанын, нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатқанын, бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел екенін атап көрсетті.
Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екенін, сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.
ҚР ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті 29.11.2022ж. ҚК-тің 297-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
20.12.2022ж. Шымкент қаласының аумағында 2 кг. 910 гр. мефедрон – психотроптық затын заңсыз сақтау мен тасымалдау барысында «Н.С.А.» есімді тұлға ұсталды.
Шымкент қала прокуратурасы «Н.С.А.» есімді тұлғамен ынтымақтастық туралы процестік келісім жасап, нәтижесінде оның екі сыбайласы мен 3 облыс (Түркістан, Жамбыл және Алматы) аумағынан жалпы массасы 103 кг. синтетикалық есірткі заттары тәркіленіп, заңсыз айналымнан алынды.
Шымкент қаласының прокуратурасы