Cалық төлеуден жалтаруға ықпал жасаған тұлғалар сотты болды

Cалық төлеуден жалтаруға ықпал жасаған тұлғалар сотты болды

Шымкент қаласының прокуратурасы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ниеті болмаған азаматтың атына «АЛЬФА-2014» ЖШС-ін формальды тіркеп, ол Серіктестіктің атынан жалған шот-фактураларды жазу арқылы контрагенттеріне салық төлеуден жалтаруға ықпал жасағанын анықтады.

Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру мақсатында Серіктестікті төлемге қабілетсіз жағдайға жеткізіп,  бюджетке салық бойынша 184,2 млн. теңге берешегі құралғандықтан, мемлекеттік кірістер органының арызы негізінде сот Серіктестікті банкрот деп таныған.

Прокуратура талдауымен Серіктестік бар жоғы 1,3 млн. теңгеге тауарларды сатып алып, 33 салық төлеушіге 1,3 млрд. теңгеге тауарсыз шот-фактуралар бергендіктен, бюджетке 276,6 млн. теңгеге салық төленбей қалғаны анықталды.

Аталған сот шешімі прокуратураның апелляциялық өтінішхаты негізінде қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – Сот алқасы) қаулысымен бұзылып, Серіктестікті банкрот деп танудан бас тартылды.

Осы факті бойынша прокуратура қозғаған қылмыстық істі тергеу барысында Н. және Ж. есімді азаматтар ұқсас тәсілмен кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ниеті болмаған тағы 6 тұлғаның аттарына 10 кәсіпкерлік субъектілерді тіркеп, іс жүзінде жұмыстарды орындамай шот-фактура жазу арқылы мемлекет пайдасына 939 млн. теңге салықтарды төлеуден жалтаруға ықпал жасағаны әшкерленді.

Абай аудандық сотының 2022 жылғы 20 маусымдағы үкімімен осы қылмыстық схеманы ұйымдастырған Н. және Ж. есімді азаматтарға ҚР ҚК-нің 216-бабының 2-бөлігімен 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

05.07.2022 жылы аталған сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген залалды өндіру мақсатында прокуратура уәкілетті органдарға заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізді.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы