БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Бала - ел болашағы, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау  мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады.

Жыл басынан Абай ауданы прокуратурасының қадағалау актілерін қарау нәтижесінде 184 710 кәмелетке толмаған балалардың құқықтары қорғалған, заң бұзушылыққа жол берген 107 кінәлі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Мәселен,  «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді тынығуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс жасауды көздейді.

Білім беру ұйымдарының барлық түрінде оқушылар үшін сабақтар арасындағы үзілістің талаптары  «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №614) бұйрығымен реттелген.

Аталған бұйрықтың 35-тармақшасына сәйкес жалпы білім беру ұйымдарының барлық түрінде оқушылар үшін сабақтар арасындағы үзілістің ұзақтығы кемінде бес минут, үлкен үзіліс (екінші немесе үшінші сабақтан кейін) отыз минутты құрауы қажет.

Дегенмен аудан аумағындағы  білім беру ұйымдары сабақ кестелерін бекіту кезінде бұл заңнама талаптарын ескермей, балалардың тынығуға арналған үлкен үзілістердің ұзақтығын 20 минутқа шектеген.

Сонымен қатар, балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімді кәмелетке толмағандарға Интернет желісі арқылы таратқан кезде балалардың ақпаратқа қол жеткізуін шектеудің әкімшілік, техникалық, бағдарламалық құралдары немесе өзге де тәсілдері қолданылуы қажет.

Алайда білім беру ұйымдарындағы информатика сыныптарындағы компьютерлер «қауіпсіз интернет»  жүйесіне қосылмай,  балалар денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан қорғалмаған.

Бұл ретте пайдаланушыға интернет-шолғыш арқылы әртүрлі сайттарға кедергісіз кіруге, соның ішінде порнографиялық, діни-экстремистік және суицидтік контенттерге қол жеткізуге мүмкіндік берілгендігі анықталды.

Қадағалау актіні қараумен заңдылықты бұзушылықтар жойылып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл бағытта аудан прокуратурасымен жұмыстар жалғасуда.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы