Халықты жұмыспен қамту мәселесі Үйлестіру кеңесінде қаралды

Халықты жұмыспен қамту мәселесі Үйлестіру кеңесінде қаралды

2022 жылғы 29 маусымда қала прокуроры Ғабит Қасымбекұлының төрағалығымен Шымкент қаласының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді.

Күн тәртібінде Мемлекеттік органдардың халықты жұмыспен қамту бағытындағы қызметінің тиімділігі, сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамту мәселесі қаралды.

Кеңес барысында уәкілетті мемлекеттік органдардың басшыларының осы бағыттағы атқарған жұмыстары мен шаралары туралы есептері тыңдалды. 

Бұл ретте шетелдік мамандарға рұқсат беру кезінде ең алдымен ішкі еңбек нарығын сақтау, мүгедектерді жұмыспен қамту квотасының орындалу көрсеткіші төмен деңгейде екені айтылып, оны 100% орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ кітап қорын ұлғайту, студенттердің білім сапасын, педагогтардың біліктілігін арттыру, практикалық базаның өрісін кеңейту, түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беру арқылы нақты жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу тұрғысында тапсырма берілді.

Кеңес қорытындысымен қала прокуроры халықты жұмыспен қамту мәселесі өте өзекті екенін, сондықтан уәкілетті мемлекеттік органдарға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жұмыссыздық жағдайын түзетіп, заңдылықты бұзушылықтарды жоюға пәрменді шаралар қолдануды ұсынды.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы