Балаң - ертеңгі болашағың

Балаң - ертеңгі болашағың

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы «Барыс» жылын «Балалар жылы» деп жариялады.

Өз кезегінде прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуде ұдайы шаралар қолдануда.

Соның бірі – баланы күтіп бағуға төленетін алимент мәселесі.

Кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағу әрбір ата-ананың міндеті. Егер ата-ана бұл міндеттерін орындамаса, оларды асырауға қаражат сот тәртібімен өндіріледі.

Алимент мөлшері Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінде нақтыланған, яғни ай сайын бір балаға - ата-анасы табысының және өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.

Балаларын күтіп-бағуға арналған төлемді төлеуден жалтару заңмен көзделген жауапкершілікке әкеліп соғады.

Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669 бабында бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Биылғы жылы Әл-Фараби ауданы прокуратурасының ықпалымен алимент төлеуден жалтарған 52 борышкер әкімшілік жазаға тартылды.

Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 139 бабымен 7 тұлғаға қатысты тіркелген қылмыстық істер сотқа жолданып, бүгінгі таңға 5 күдікті сотты болды. Ал 1 қылмыстық іс борышкердің алимент берешегін толық өтеп, жәбірленушіден кешірім алуына байланысты ақталмайтын негізбен тоқтатылды, 1 іс сотта қаралуда.

Осы жерде, борышкерлердің назарын мұндай қылмыстық құқық бұзушылық үшін 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгеніне аударғымыз келеді.

Прокуратураның бастамасымен қазіргі кезде алимент өндіру шараларына сот орындаушылардан бөлек полиция және басқа да құзырлы органдар жұмылдырылып, жалтарып жүрген тұлғалардың кірістері мен мүліктерін анықтау, оларды мәжбүрлеп өтеу шаралары жүргізілуде.

Мәселен, кейбір борышкерлердің атында жылжымайтын мүлік анықталып, ол мүліктерін сауда-саттыққа шығару арқылы алимент берешегі толық өндірілді.

Ендігі кезекте, борышкерлерді жазалау шараларынан бөлек түсіндірме жұмыстарына да баса көңіл бөлініп жатыр және бұл жұмысқа имамдар да атсалысуға ниет білдірді.

Таяуда, Әл-Фараби ауданының прокуроры мен Шымкент қаласының бас имамы қаладағы имамдармен осы бағытта сұхбат жүргізіп, қала бойынша жұма намаздарда және жамағат көп жиналатын басқада жиындарда отбасы құндылықтары туралы және балаларын күтіп-бағу парыз екені жайлы уағыздаулар жүйелі түрде ұйымдастырылатын болды.

Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы