Жәбірленушілерге өтемақы қоры қалай жұмыс істейді

Жәбірленушілерге өтемақы қоры қалай жұмыс істейді

2018 жылы «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі-Заң) қабылданды.

Заңға сәйкес сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кәмелетке толмағандар, адам саудасы, азаптаулар мен өзге де ауыр зардаптар келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбір шеккендер өтемақы алуға құқылы.

Өтемақы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлемнен тұрады.

Ол үшін заңда көрсетілген қылмыстардың құрбаны болған азаматтар оларды жәбірленуші деп танығаннан кейін арызбен қылмыстық қудалауды жүзеге асырып жатқан мемлекеттік органға жүгінуі қажет. 

Арызға қоса берілетін құжаттар:

1) жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттың не өтемақы алуға жәбірленуші құқықтары берілген адамның жеке басын және құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері;

2) жәбірленушінің не жәбірленуші құқықтары берілген адамның банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктік шотының нөмірі туралы мәліметтер;

3) қылмыстық процесті жүргізетін органның адамды жәбірленуші деп тану туралы қаулысының көшірмесі;

4) жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесін растайтын құжаттың көшірмесі;

5) жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, оның қайтыс болуы туралы куәліктің немесе жәбірленушінің қайтыс болғанын растайтын өзге де құжаттың көшірмесі негізінде жүргізіледі.

Өтініш берудің ескеру мерзімі адам жәбірленуші деп танылған күннен бастап үш жылды құрайды.

Қаржылай өтемақыны тағайындау немесе бас тарту туралы шешімді қылмыстық қудалауды жүзеге асырған қылмыстық қудалау органының басшысы қабылдайды.

Бұл қаржы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органымен жәбірленушілердің банктік шотына аударылады.

Заңның толық нұсқасымен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар. https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z1800000131

 

Шымкент қаласының прокуратурасы