Шымкент қаласының прокуратурасы кәсіпкерлердің мектепке дейінгі білім беру бойынша қызмет көрсету кезіндегі құқықтарының сақталуына талдау жүргізді.
Талдау барысында Шымкент қаласының білім басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) ағымдағы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша 500-ден астам шарт жасағандығы анықталды.
Дегенмен жасалған шарттарда Басқармаға қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілеріне техникалық ерекшелікке сәйкестігі тұрғысынан бақылау және тексеру жүргізуге құқық беретін тармақ көрсетілген.
Осылайша, Басқарма бақылау-қадағалау функцияларына ие болмай, өзіне Кәсіпкерлік кодекстің 134, 135-баптарында көзделген мемлекеттік бақылау және қадағалау өкілеттіктерін заңсыз берген.
Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша шарттардан заңсыз талаптарды алып тастау арқылы 505 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Шымкент қаласының прокуратурасы