Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарды еңбекпен қамту, олардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Осы бағытта Мамандандырылған прокуратураның бастамасымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №55 мекемесінде жаңа өндірістік алаңдар ашылып, кәсіпкерлермен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда мекемедегі еңбекке жарамды сотталғандардың басым бөлігі ақылы еңбекпен қамтылған.
Атап айтқанда, «Швейный мир КDМ» ЖШС тігін өндірісін іске қосса, жеке кәсіпкер «Дециев» жиһаз өндіру цехының жұмысын жолға қойған. Сонымен қатар, «Мир парк» ЖШС балалар ойын алаңдарын өндіру және орнату жобасын жүзеге асыруда. «Дана» жеке кәсіпкерлігі құс өсіру бағыты бойынша өндірістік жұмыстарды ұйымдастырған.
Аталған жобалар сотталғандардың еңбек дағдыларын жетілдіруге, кәсіби тәжірибе жинақтауына және босатылғаннан кейінгі өмірге дайындалуына ықпал етуде.
Сотталғандарды еңбекпен қамту және жаңа өндірістік орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Шымкент қаласының прокуратурасы