Шымкент қаласының индустриялық аймағында құны 800 млн теңгені құрайтын құрғақ қойма салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орнын құру және өңірдің логистикалық инфрақұрылымын дамыту көзделген. Жобаны іске асыру барысында инвестор бірқатар инфрақұрылымдық кедергілерге тап болған, атап айтқанда газбен қамтудың болмауы және жер учаскесіне кіреберіс жолдардың қиындығы құрылыс қарқынын айтарлықтай тежеген. Аталған мәселелер инвестициялық жобаны прокурорлық сүйемелдеу шеңберінде анықталды. Шымкент қаласы Абай ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен үйлестіру арқылы қадағалау шараларын қабылдады. Нәтижесінде объектіге газ құбыры тартылып, кіреберіс жолдар да қамтамасыз етілді. Бұл негізгі инфрақұрылымдық кедергілерді жойып, жобаны одан әрі іске асыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда жоба қалыпты жұмыс тәртібінде жүзеге асырылуда. Шымкент қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (707) 615-00-10 телефоны немесе 115 call-орталығы арқылы жүгінуге шақырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы