Қала прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сыртқы жарнама бойынша қабылданып жатқан шараларының заңдылығына талдау жүргізді.
Хабарлама бермеген 4286 сыртқы жарнаманы орналастырған кәсіпкерлерге мемлекеттік бақылау нәтижесі бойынша ұсынымдар берілмей, бұзушылықтарды өз еркімен жою құқығы шектелгені анықталды.
Бұл ретте жарнама саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес уәкілетті орган тарапынан жарнама пайдаланушыларға анықталған бұзушылықтарды ерікті түрде жою мүмкіндігін беру мақсатында тиісті ұсынымдар енгізілуі тиіс.
Сонымен қатар, жарнама болып табылмайтын 127 нысан (маңдайшалар) негізсіз сыртқы жарнама ретінде есепке алынып, төлемақылар белгіленгені және сыртқы жарнама объектісін орнатпаған 115 тұлға (ғимаратты жалға берушілер) негізсіз төлемақы төлеушілер ретінде танылғаны анықталды.
Орын алған заң бұзушылықтардың салдарынан кәсіпкерлерге 260 млн теңге төлемақы негізсіз есептелген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша бюджетке заңсыз өндірілген төлемақы қайтарылып, 2571 кәсіпкер мен жеке тұлғалардың құқықтары қорғалды. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қала прокуратурасы кәсіпкерлерді сыртқы жарнаманы пайдалану үшін сәулет, қала құрылысы басқармасына оны орналастыру туралы хабарлама жолдап, жарнаманың көлеміне сәйкес есептелетін төлемақыны уақытылы төлеп, заң талаптарын сақтауға шақырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы