Қала прокуратурасында Сенат депутаттарымен жұмыс кездесуі өтті

Қала прокуратурасында Сенат депутаттарымен жұмыс кездесуі өтті

Бүгін Шымкент қаласының прокуратурасында Парламент Сенатының депутаттары – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаровпен және Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбаровамен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында Сенат депутаттарына қала прокуратурасының «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында іске асырып жатқан бірқатар жобалары таныстырылды.

Заң шығару қызметі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қала прокуратурасының 14 заңнамалық актіге өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстары, сондай-ақ 4 нормативтік құқықтық актінің Конституция нормаларына сәйкестігін тексеру бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына өтініштер дайындау мәселесіне де баса назар аударылды.

Қатысушылар бұл бағыттың құқықтық олқылықтарды жоюдың, құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз етудің және Конституция үстемдігін нығайтудың пәрменді тетігі екенін атап өтті.

Кездесу барысында Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов заңнама мен құқық қолдану тәжірибесіне жасалған жүйелі талдау жұмыстары проблемалық нормаларды анықтап қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің заңды мүдделерін нақты қорғауға бағытталған нысаналы ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Заң мен Тәртіп» қағидатын прокуратура органдары формалды түрде емес, күнделікті қадағалау және талдау қызметіндегі практикалық бағдар ретінде қарастыратыны айтылды.

Жиын соңында тараптар заңнаманы жетілдіру және институтаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша алдағы өзара іс-қимыл бағыттарын талқылады.

Сенат депутаттары қала прокуратурасының ұжымын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, мегаполистегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде табыс тіледі.

 

 

 

 

Шымкент қаласының прокуратурасы