Шымкент қаласында қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Үйлестіру кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, онда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Отырысқа құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бизнес қауымдастығы, білім беру ұйымдарының директорлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, мектеп оқушылары мен имамдар қатысты.
Кеңестің жұмысы екі негізгі бағыт бойынша жүргізілді.
Бірінші бөлімде есірткі айналымына қарсы әрекет ету шараларының тиімділігі талқыланды.
Қала прокуроры жарнамаларды жою, есірткі тұтынушыларын профилактикалық есепке қою, құқықбұзушылықтарды тергеу алгоритмдерін жетілдіру сияқты оң нәтижелер болғанымен, қылмыстық орта бұдан да жылдамырақ өзгеріп жатқанын атап өтті.
Бүгінде заңсыз есірткі айналымының басым бөлігі интернет кеңістігіне ауысып, оларды өткізу тетіктері шетелден қадағалануда және үнемі жаңартылып келеді. Сондықтан дәстүрлі тәсілдер бұрынғыдай нәтиже бермейді.
Осыған байланысты прогресс тек цифрлық технологияларды белсенді енгізу арқылы мүмкін болады. Мұндай құралдар онлайн арналарды жедел бақылауға, қаржы ағындарын талдауға және қылмыстық топтардың жасырын желілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Екінші бөлім жасөспірімдер қылмысының алдын алуға арналды.
Ерте кезеңде қауіпті белгілерді анықтау, балаларға психологиялық қолдау көрсету, мектептегі профилактикалық жұмысты күшейту және тәуекел тобындағы отбасылармен өзара әрекет ету мәселелеріне басымдық берілді.
Қатысушылар цифрландырудың бұл салада да маңызды екенін атап өтті — әлеуметтік желілерді бақылаудан бастап балалар үшін қауіпсіз онлайн-платформалар құруға дейін.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, талдамалық жұмысты арттыруға және қауіптердің алдын алуға бағытталған технологияларды енгізуді көздейтін шаралар кешені қабылданды.
Сонымен қатар, жаңа қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және тәуекелдерді нақты бағалауға мүмкіндік беретін ортақ цифрлық шешімдерді әзірлеу жөнінде келісімдер жасалды.
Шымкент қаласының прокуратурасы