Шымкент қаласы прокуратурасында бөтен мүлікті ұрлауға қарсы күрес шараларының тиімділігі қаралды

Шымкент қаласы прокуратурасында бөтен мүлікті ұрлауға қарсы күрес шараларының тиімділігі қаралды

Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен 18 маусымда бөтеннің мүлкін жымқырумен байланысты қылмыстар бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Кеңеске құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың жауапты лауазымды тұлғалары қатысты.

Іс-шараның ашылуы барысында, қала прокуроры Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында мүлікті ұрлауға қарсы күрес азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамда тұрақтылықты қалыптастырудағы маңызды сала екенін атап өтті.

Ресми статистикаға сәйкес, дәстүрлі түрде ең көп таралған қылмыстар – мүліктік сипаттағы құқық бұзушылықтар.

Мысалы, биылғы жылдың 5 айында мүлікті ұрлауға қатысты 872 қылмыс тіркеліп, 508 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Заңға бағынатын азамат заманауи технологияларды даму мен жаңалықтар ашу үшін қолданса, қылмыстық орта да қылмыс жасауға мүмкіндік беретін тетіктерді табуда.

Мұндай өзгерістердің басты себептерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық факторлар мен технологиялық прогресс және заманауи цифрлық технологиялар.

Кездесу қорытындысы бойынша ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға және деректер базаларын интеграциялауға бағытталған шешімдер қабылданды.

«Мұндай шешімдер құқық қорғау органдарына нақты әрі өзекті ақпаратты нақты уақыт режимінде алуға мүмкіндік береді», – деді қала прокуроры Ғабит Мұқанов.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы