Қала прокуратурасының үйлестіруімен Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде көрсетіп, инвесторларға 5 ай ішінде салынған соманың 20-30 пайызын құрайтын ай сайынғы табысқа уәде беріп, негізгі капиталдың сақталатынына кепілдік бергені анықталған.
Шын мәнінде, төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан жасалып отырған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына мыңнан астам инвестор тартылған.
Күдіктілер қылмысынан түскен ақшаларды жалпы құны 280 миллион теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға жұмсаған.
Тінту кезінде 15 миллион теңге қолма-қол ақша мен құны 28 миллион теңгені құрайтын 67 атаудан тұратын түрлі алтын бұйымдар тәркіленді.
Аталған факті бойынша Департамент Қазақтан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда отыр.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Қала прокуратурасы азаматтарды үлкен дивидендтер беретін компаниялардан сақ болуға және лицензиясы бар-жоғын тексеруге шақырады.
Сіздің мүлкіңіздің қауіпсіздігі сіздің қолыңызда !
Шымкент қалалық прокуратурасы