Инвесторларға жүргізілмек болған заңсыз тексерулерге тосқауыл қойылды

Инвесторларға жүргізілмек болған заңсыз тексерулерге тосқауыл қойылды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, прокурорлық қадағалау инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталған.

Осы бағыттағы құралдардың бірі — кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтың жұмысы.

Мысалы, мобильді топқа келіп түскен сигнал бойынша прокуратура медициналық қызмет көрсету саласындағы инвесторларға қатысты заңсыз тексерулердің алдын алды.

Шымкент қаласының прокуратурасы тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде, Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен емханалар жанындағы 26 стоматологиялық кабинетке бару арқылы мониторинг жүргізу жоспарланғаны анықталды.

Алайда, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіне сәйкес басқарманың мұндай мониторинг жүргізуге өкілеттігі қарастырылмаған.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде аталған бұйрықтың күші жойылды, ал кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 196 600 теңге мөлшерінде айыппұлды қысқартылған тәртіппен төледі.

Мемлекеттік маңызы бар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жалғасуда.

Ескерту: егер бизнес субъектілерінде қандай да бір проблемалық сұрақтар туындаса, олар +7-707-615-00-10 нөмірі бойынша Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау Call-орталығына немесе Шымкент қаласы, Еримбетов көшесі, 304г, «Заңғар» Бизнес орталығы ғимаратындағы Фронт-офиске жүгіне алады.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы