Шымкент қаласының прокуратурасында кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

Шымкент қаласының прокуратурасында  кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

Шымкентте қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығында   құқық қорғау және арнайы органдар басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысы белгілеген «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына арналған  кеңейтілген алқа мәжілісі  өтті. 

Мәжілістің  ортақ тақырыбы — азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін әзірлеу. Прокуратура құқықтық жүйенің тірек институты ретінде мемлекеттік органдардың қызметінде, әсіресе әкімшілік тәжірибе саласында заңдылықтың сақталуын жүйелі бақылауға баса назар аударады.

Алқа барысында әкімшілік жауаптылыққа тарту, жергілікті полиция қызметінің тиімділік мәселелері талқыланып, әкімшілік іс жүргізудегі кедергілер анықталды.

Процестік нормаларды жетілдіру, заңнамалық тетіктерді жақсарту және шешім қабылдаудағы ашықтықты арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Цифрлық трансформацияға және қылмыстың алдын алуда ЖИ технологияларын енгізуге ерекше назар аударылды.

«Қазіргі құқық қорғау тек заңға ғана емес, әділеттілікке де негізделуі тиіс.

«Біз өз жұмысымызда формализм мен бюрократияны жоюға міндеттіміз, әсіресе адам құқықтарына қатысты. Сондықтан да прокуратура  қоғамның  мүддесін қорғаудың алдыңғы қатарында»  деп атап өтті Ғабит Мұқанов.

Отырыс қорытындысы бойынша  қылмыстылықтың алдын алу шараларын күшейтуге және құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ведомствоаралық іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі қабылданды.

 Шымкент қаласының прокуратурасы