Мектептерде тамақтануды жақсартты

Мектептерде тамақтануды жақсартты

Павлодар облысының прокуратурасы өңірдің білім беру ұйымдарында оқушылардың ыстық тамағына баға белгілеуді талдау шеңберінде тиісті тариф 315 теңгені құрайтынын және 2019 жылдан бері өзгермегенін анықтады.

Сонымен қатар Үкімет бекіткен орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын бір рет мектепте тамақтандыру нормаларына сәйкес апта сайынғы диетада сиыр еті, құс еті, картоп, жұмыртқа, макарон және басқа да тамақ өнімдері болуы тиіс.

Баға нарығының мониторингі қолданыстағы тарифтің объективті төмен болғанын және балаларды мемлекет кепілдік берген теңгерімді тамақпен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін көрсетті.

Қадағалау актісі бойынша әкімдік ыстық тамақ тарифін 450 теңгеге дейін көтерді.

Енді 55 мыңға жуық оқушы (бастауыш сыныптардың 42772 оқушысы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 11695 оқушы) өңірдің 85 кәсіпкері қамтамасыз ететін толыққанды тамақтануға үміттене алады.

Бұдан басқа Павлодар өңірінің орта білім беру мекемелерінде санитарлық ережелерді өрескел бұзушылықтар анықталды.

Мәселен, облыстың 142 мектебінде кабинеттерді таза ауамен желдетуге және оқушылардың тамақтануына арналған сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмеді.

Қадағалау актісі бойынша үзілістердің ұзақтығы ұлғайтылды, 19 мыңнан астам оқушының конституциялық құқықтары қорғалды.