Бизнесті қорғау

Бизнесті қорғау

Осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап "Прокуратура туралы" Заңға өзгерістер енгізілді, оған сәйкес прокурорларға мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша кәсіпкерлердің өтініштерін қарау құзыреті берілді. Бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін.

Алға қойылған міндеттің маңыздылығын ескере отырып, прокуратура органдары қылмыстық ортаға заңсыз тартудың жолын кесуден бастап әкімшілік кедергілерді қысқартуға дейін бизнесті кешенді прокурорлық қорғауды қалыптастырады.

Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Павлодар облысында прокурорлар 800-ден астам кәсіпкердің құқықтарын қорғады, оның ішінде мобильдік топқа белгі беру бойынша - 138.

Мысалы, мемлекет басшысы енгізген мораторийге қарамастан, Аққулы ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті орган ағымдағы жылдың тамыз айында жоспардан тыс азық-түлік дүкенін (шағын кәсіпкерлік субъектісі) тексерген. Нәтижесінде прокуратураның қаулысымен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 175-бабының 1-бөлігі 1-тармағы бойынша 10 АЕК (29 170 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындаумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

Бұл ауданда осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылық фактілер анықталды.

Мәселен, мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаға қарамастан, әкімдіктің білім беру бөлімі кәсіпкерлерге шартты қамтамасыз ету шеңберінде енгізілген шарттың жалпы сомасының 3 пайызы мөлшерінде ақша қаражатын қайтармаған. Ал кәсіпкерлер жұмысты толық көлемде орындаған.

Прокуратураның ұсынуы бойынша кінәлі тұлға жазаға тартылып, 5 кәсіпкерге жалпы сомасы 621 351 теңге ақшалай қаражат қайтарылды.

Қадағалау органының шаралары, ең алдымен, заңдылықты қамтамасыз етуге және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. 

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.