
Павлодар облысында жүктілік туралы жалған анықтаманы пайдалану фактісі анықталғаннан кейін прокуратура медициналық құжаттарды беру тәртібіне бақылауды күшейтуге қол жеткізді.
Бұған дейін жалған анықтама мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйелге әкімшілік қамақтан жалтаруға мүмкіндік берген. Прокуратура анықтаманың жалған екенін анықтап, нәтижесінде сот оған 20 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады. Кейіннен пара алу және дәлелдемелерді бұрмалауға қатысты кінәлі тұлға сотталды. Оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұлға салынып, ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген себептер мен жағдайларды зерделеді. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісі бойынша 5 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 басшы қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтіліп, олардың электрондық нұсқаларын өзгерту мүмкіндігі жойылды.
Осылайша, анықталған фактіге қылмыстық-құқықтық баға берумен қатар, прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген жағдайларды жоюды қамтамасыз етті.