Успен ауданында сүт-тауар фермасын салу жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Успен ауданында сүт-тауар фермасын салу жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

«Invest Caravan» жобасы аясында Успен ауданының прокуратурасы аудан әкімдігімен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды аралады.

Негізгі нысандардың бірі – «БИК» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан 500 басқа арналған сүт-тауар фермасы мен сүт өнімдерін өндіретін зауыттың құрылысы.

Кездесу барысында инвестормен жобаны іске асыру барысы, туындаған мәселелер және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Мемлекеттік органдардың өкілдері жобаның уақтылы жүзеге асырылуына және инвесторлардың құқықтарын қорғауға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Бұған дейін Успен ауданының прокуратурасы аталған инвестициялық жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз еткен болатын. Прокуратураның бастамасымен инвесторға мемлекеттік несие алуға жәрдем көрсетіліп, нәтижесінде 500 млн теңге көлеміндегі алғашқы қаржыландыру траншы тартылып, құрылыс жұмыстары жалғастырылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы прокуратураның араласуымен жобаның іске асырылуына кедергі келтірген мәселелер шешімін тапты. Қадағалау актілерінің нәтижесінде кепілдегі мүлікке қойылған ауыртпалықтар алынып, құны 3,5 млрд теңгені құрайтын сүт-тауар фермасының құрылысын қаржыландыру қайта жандандырылды.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, Успен ауданының агроөнеркәсіптік кешені мен өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.