
Баянауыл ауданының прокуратурасы аудан әкімдігімен бірлесіп, республикалық «Инвест-керуен» акциясы аясында іске асырылып жатқан туристік инвестициялық жобаларға көшпелі кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға аудан прокуроры мен аудан әкімі, мемлекеттік органдардың өкілдері және инвесторлар қатысты. Қатысушылар екі туристік демалыс аймағы мен салынып жатқан визит-орталықты қоса алғанда үш нысанды аралап, жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлермен инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер, әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың құқықтарын қорғау шаралары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша «Сабындыкөл Plaza» инвестициялық жобасына кіреберіс жолды асфальттау жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл шара нысанның инфрақұрылымын жақсартуға және оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Іс-шара барысында бизнесті қолдаудың цифрлық құралдарына ерекше назар аударылды. Инвесторларға құқықтарының бұзылуы мәселелері бойынша прокуратура органдарына жедел жүгінуге мүмкіндік беретін «Мобильді прокурор» мобильді қосымшасы таныстырылды.
Баянауыл ауданының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды және өңірде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруды қамтамасыз ете отырып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастыруда.