Екібастұзда «Ekibastuz Fest: Заң мен тәртіп» ауқымды жастар фестивалі өтті

Екібастұзда «Ekibastuz Fest: Заң мен тәртіп» ауқымды жастар фестивалі өтті

Екібастұз қаласында 5 мыңнан астам оқушылар, студенттер, педагогтар, волонтерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерін біріктірген «Ekibastuz Fest: Заң мен тәртіп» ауқымды жастар фестивалі өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – құқықтық мәдениетті насихаттау, жасөспірімдер қылмысының алдын алу және жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Фестиваль ашық алаңда ұйымдастырылып, жастар прокуратура, полиция және білім беру жүйесінің өкілдерімен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Іс-шараға облыс әкімі Асаин Байханов, облыс прокуроры Алмат Байшулаков және полиция департаментінің бастығы Василий Скляр қатысты.

Қала әкімі Аян Бейсекин облыс басшылығына «Айқын нәтиже» жобасының жүзеге асырылуындағы оң динамика туралы баяндады. Жоба іске асырылған төрт ай ішінде екі шағынауданда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Жоба аясында көшелерге қосымша бейнебақылау камералары мен заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылып, патрульдеу күшейтілді, сондай-ақ шұғыл көмек шақыруға арналған дабыл батырмалары орналастырылды. Бұл қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта жоба бүкіл қала аумағында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Фестиваль аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – №26 мектеп базасында өңірдегі алғашқы «Прокурор сыныбының» ашылуы болды. Жаңа білім беру жобасы жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын, медиақауіпсіздігін және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Қазақстан» алаңында интерактивті аймақтар, арнайы техникалар көрмесі, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу алаңдары ұйымдастырылды. Қатысушылар есірткі жарнамаларын бояу акциясына қатысып, «Әділетті қоғам» арт-баннеріне өз тілектерін қалдырды.

Облыс басшылығы мен жастар мектеп аумағында ағаш отырғызу шарасына қатысып, бұл қауіпсіз әрі жауапты ортаны қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді көзқарастың символына айналды.

Фестиваль соңында кинотеатрда жастардың қатысуымен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және ойланбай қабылданған шешімдердің салдарына арналған «ҮШ ТАҒДЫР» қысқаметражды фильмі көрсетілді.