Прокурорлар орманды қалпына келтірудің тиімсіздігін дәлелдеді

Прокурорлар орманды қалпына келтірудің тиімсіздігін дәлелдеді

Павлодар облысы прокурорының төрағалығымен өткен алқа отырысында орманды қалпына келтіру саласындағы тексеру нәтижелері қаралды.

Отырысқа әкімдік пен Полиция департаментінің басшылығы, қала және аудан әкімдері, «Ертіс Орманы» резерватының, Баянауыл ұлттық паркінің және орман қорғау мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Тексеру барысында барлық орман қорғау мекемелерінде елеулі бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, көшеттерді есепке алудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, отырғызу материалдарын негізсіз есептен шығару, көлемдерді жалған ұлғайту және олардың төмен жерсінуі анықталған.

Соңғы 10 жылда табиғи резерваттағы көшеттердің жерсіну деңгейі екі есе төмендеген, сонымен қатар оларды есептен шығару көлемі артқан.

Осы жағдай аясында орманмен жабылған алқаптардың азаюы жалғасуда.

Облыс прокуроры Алмат Байшулаков атап өткендей, орман өсіру саласындағы негізгі басымдықтардың бірі – сапалы отырғызуды және жасыл желектерді тиісті есепке алуды қамтамасыз ету.

Ол орман қорын сақтау мәселелерінде формалды көзқарасты болдырмауға және экологиялық заңнама талаптарын қатаң сақтауды қамтамасыз етуге шақырды.

Анықталған бұзушылықтар бойынша қадағалау шаралары қабылдануда. Жекелеген жағдайларда процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Полиция департаментіне ағаштарды ұрлау және көшеттерді заңсыз тасымалдау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу, сондай-ақ уәкілетті органдарға орман қорын ұлғайту және қорғау бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша орманды қалпына келтіру тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар кешені әзірленді.

Орман алқаптарының қысқару тәуекелдерін азайтуға бағытталған орман дақылдарын отырғызудың жаңа әдістері ұсынылды.