Жол қауіпсіздігі мәселелері үйлестіру кеңесінде қаралды

Жол қауіпсіздігі мәселелері үйлестіру кеңесінде қаралды

Облыстық прокуратураның Үйлестіру кеңесінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жол-көлік оқиғаларын азайту және көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша өзекті мәселелер мен шешу жолдары талқыланды.

Соңғы екі жылда жол апаттарында 47 адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғаларының жиі кездесетін себептерінің қатарында жылдамдықты асыру және жүргізушілердің мас күйінде көлік басқаруы бар.

Жолдарды жобалау мен жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында, жол белгілерін орнатуда, техникалық құралдардың, бағдаршамдардың, жарықтандырудың, соның ішінде білім беру мекемелерінің маңында болмауына байланысты заңбұзушылықтар анықталды.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың профилактикасын күшейтуге бағытталған іс-шаралар тізбесі бекітілді.

Олардың қатарында халықаралық автожолдарда автопатрульдер санын арттыру, апат жиі болатын учаскелерді тұрақты тексеру, бейнебақылау жүйесінің функционалын жетілдіру, жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын жүргізушілермен жеке жұмыс жүргізу және басқа да шаралар бар.

Қабылданған шешімдердің орындалуын облыстық прокуратура өз бақылауына алды, олар кеңес отырысының хаттамасына енгізіліп, уәкілетті органдарға жолданды.