Бүгін облыс прокуратурасында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға прокуратура басшылығы, қызметкерлері және ардагерлері, сонымен бірге әскери, көлік прокуратураларының, ҚСжАЕАК облыстық департаментінің жеке құрамы қатысты.
Облыс прокуроры Айдос Майлыбаев бұл күннің тарихи маңызына тоқталып, өз сөзінде:
«Бүгінгі күн – тарихымыздың ең жарқын әрі ең қастерлі беттерінің бірі. 80 жыл бұрын ата-бабаларымыз асқан ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетіп, Жеңісті жақындату жолында жанын аямай күресті. Сол Жеңістің арқасында бүгінгі бейбіт өміріміздің іргесі қаланып, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жол ашылды», - деп атап өтіп, салтанатты жиынды ашты.
Шара барысында ҚР Президентінің Жарлығымен облыс прокуратурасының Басқарма бастықтары М.Меңдіғалиев пен Б.Бектұрғановқа Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» ордендері және Жаңаөзен қаласының прокуроры М.Көшбаевқа «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаль табысталғандарын атап өтті.
Сонымен қатар қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерге сыныптық шендер беру және ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ҚР Бас Прокурорының бұйрықтары салтанатты жағдайда жария етілді.
Ұлы Отан соғысының және прокуратура органдарының ардагері Бердіхан Екібаевтың қызы – Майя Бердіханқызы облыс прокуратурасының мұражай қорын толтыруға қосқан үлесі үшін облыс прокурорының алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен бірге прокуратура органдарының ардагері Мақсат Жақаев өз тілегін білдірді.
Іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тауып, патриоттық әндер орындалып, әскери оркестр өнер көрсетті.
Маңғыстау облысының прокуратурасы