«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында прокурорлар «Тәрбиелі ұрпақ – қауіпсіз қоғам» атты ауқымды акция өткізіп, бір мезгілде облыстағы барлық білім беру ұйымдарына кездесуге барды.
Іс-шара барысында прокурорлар өңірдегі университет пен колледждердің 2 мың студенттері және 60 мың мектеп оқушыларымен кездесті.
Бұл акция - «Прокурор тәрбиесі» жобасының бір бөлігі.
Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңды сақтау маңыздылығын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Сонымен қатар Н.Жантурин атындағы музыкалық-драма театрында жоғары сынып оқушыларының бір бөлігіне арнап жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған «Жолайрық» атты спектаклі қойылды.
Сондай-ақ ерекше көзге түскен, белсенді және үлгілі жасөспірімдер облыс прокурорының алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұдан бөлек, профилактикалық есепте тұрған балалармен жеке жұмыстар жүргізілетін болады.
«Әр баланың өмірі мен әл ауқаты - ел болашағының кепілі. Біз девиантты мінез-құлық танытатын балаларға қамқоршылық және патронаждық көмек көрсету тәжірибесін енгіздік. Бұл – 400-ден астам жасөспірім. Олардың әрқайсысына жауапты прокурор бекітілді. Біздің ұранымыз - Мен сенің досыңмын және мен сен үшін жауаптымын», – деп түйіндеді облыс прокуроры Айдос Майлыбаев.
#Заң_мен_Тәртіп
Маңғыстау облысының прокуратурасы